Главная Статьи ҚР РЕЙТИНГТІК АГЕНТТІКТЕР СФЕРАСЫНДАҒЫ ҚАЛЫПТАСҚАН МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАСЫ

ҚР РЕЙТИНГТІК АГЕНТТІКТЕР СФЕРАСЫНДАҒЫ ҚАЛЫПТАСҚАН МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАСЫ

                                                        «Tabiya-consult» ЖШС қаржы директоры, PhD доктор Зейнолла С.Ж.                                                                                                                                                           

                                                                                        «Tabiya-consult» ЖШС аналитигі Қабдолданова А.С.                                                                                                                                                                                         

Қазіргі нарықтық экономикада әріптестердің сенімділігіне көз жеткізгенде ғана таңдау еркіндігі  қалыптасады.  Шешім қабылдау үшін ішкі сарапшылардың бағалауы жеткіліксіз, сонымен қатар тәуелсіз сарапшылардың да бағалауы қажет етіледі. Ал,  қазіргі қоғамда осы тәуелсіз сарапшылардың рөлін рейтингтік жүйе атқарады және осы жүйеде негізгі қызмет атқарушы – рейтингтік агенттіктер болып табылады.

Рейтингтік агенттік дегеніміз – төлем қабілеттілігін, корпоративтік басқару деңгейін, сонымен қатар, активтерді басқаруды, зияткерлік меншіктің құқықтарын бағалауды жүргізетін ұйым.

Қазіргі таңда Қазақстанда 3 ұлттық, 3 шетелдік рейтингтік агенттік жұмыс жасайды:

-       Moody's Investors Services;

-       Standard & Poor's;

-       Fitch;

-       «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы» рейтинг агенттігі;

-       «Эксперт РА Қазақстан» рейтинг агенттігі;  

-       «KZ Ratings» рейтинг агенттігі.

     Рейтингілік агенттіктер келесі қызметтерді атқарады:

1.  KASE қор биржасына қатысатын эмитенттердің және  олардың бағалы қағаздарының рейтингісін анықтау;

2.  Компаниялардың несие қабілеттіліктерін бағалау;

3.  Банктердің, сақтандыру қорларының, жинақтаушы зейнетақы қорларының рейтингтерін анықтау;

4.  Нарықты сенімді әрі объективті талдау нәтижесіндегі ақпараттармен қамтамасыз ету;

5.  Нарықтың әр саласындағы алдыңғы қатарлы үздіктерді анықтау, артта қалған секторлардың алға жылжуына ықпал ету.

Сонымен, рейтингтік агенттіктердің қызметтерінің маңыздылығы неде деген сұраққа жауап беретін болсақ:

1.    Экономиканың дамуында шағын және орта бизнестің алатын орны ерекше маңызға ие. Осы шағын және орта бизнесті дамыту үшін инвесторларды көптеп тарту қажеттілігі туындайды. Ал инвесторлар белгілі бір компанияға инвестиция құймас бұрын одан рейтингінің болуын талап етеді. Осы ретте рейтингтік агенттіктердің қызметіне жүгінеді.

         

2.       Банк секторындағы рейтингтік агенттіктердің маңыздылығына тоқталатын болсақ, қаржы жүйесі ел экономикасының күре тамыры, яғни экономиканың дамуына әсер етуші басты фактор. Қаржы жүйесіндегі басты субъект Банк болып табылады. Несиелеу операциялары коммерциялық банктер қызметінде негізгі белсенділікті құрайды. Біріншіден, олардың сәтті іске асуы негізгі кіріс көздеріне әкеледі, банктердің тұрақтылығын сақтап, беріктілігін жоғарылатады. Ал несиелердің уақытылы қайтарылмауы банкте келеңсіз жағдайларды тудырады және банкроттыққа ұшыратады. Екіншіден, елдің экономикасын дамытуда инвестицияларды несиелеуде банктер қызметінің маңызды екендігін және оның тағдырын шешетінін тәжірибе айқын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда банк секторында күмәнді және үмітсіз несиелердің саны артып отыр.

Сурет 2. Қазақстан Республикасындағы несие портфелінің жұмыс істемейтін қарыздарының және 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарының динамикасы

Дерек көзі [1]

 

2-суреттен көріп отырғанымыздай, күмәнді және үмітсіз несиелердің саны айтарлықтай жоғары деңгейді көрсетіп тұр. Демек, бұл банк секторында туындап тұрған үлкен мәселені көрсетеді. Осы мәселенің алдын алуда рейтингтік агенттіктердің қызметі маңызды.

3.       Рейтингтік көрсеткіштер шешім қабылдауда, іскерлік қарым-қатынасты орнатуда және оның тұрақтылығын сақтауда басты индикатор рөлін атқара отырып, банктердің болашақтағы несиеге қабілеттілігінің өзгеріс тенденциясын және жағдайын жинақы әрі нақты түрде сипаттайды;  

4.       Рейтингтің ағымдық деңгейі және өзгеріс динамикасы әріптестікті сақтап қалу, байланысты өрбіту немесе үзу туралы шешім қабылдауға әсер ететін басты белгі (сигнал) болып табылады.

Ұлттық рейтингтік агенттіктердің шетелдік «ірі үштікпен» салыстырмалы SWOT талдауы

                                                                                                                                                                                                                                                        

-       Қазақстандағы жергілікті үш агенттіктерді қарастыру барысындағы барлығының нұсқап отырған мәселесі мынау: көпшілік компаниялардың ірі үштікті таңдауы. Оны мына статистикадан көре аламыз:

Сурет 3. ҚР KASE қор биржасындағы эмитенттердің рейтингісін анықтаған рейтингілік компаниялардың үлесі, %

Дерек көзі [2]

Неліктен біздің компаниялардың көпшілігі «ірі үштікті» таңдайды деген сұраққа жауап берер болсақ, біріншіден, ұлттық рейтингтік  агенттіктердің берген рейтингісін қаржылық ұйымдарды реттеуші органдардың мойындамауы. Екіншіден, «ірі үштіктің» әлемдік қаржы нарығындағы көп жылдық тәжірибесінің болуы және көптеген компаниялардың оларға аса үлкен сенімділікпен қарауы.

Сурет 4. ҚР KASE қор биржасындағы эмитенттердің рейтингісін анықтаған рейтингілік компаниялардың ішіндегі еліміздегі рейтингілік агенттіктердің алатын үлесі, %

Дерек көзі [2]

2 және 4 суреттерден көріп отырғанымыздай, рейтингісін анықтаған компаниялардың 72.8% шетелдік «ірі үштік» рейтингілік агенттіктерін таңдаған. Бұл көрсеткіш жоғарыда айтылған мәселені растайды.

-                       Қазақстандық рейтингілік агенттіктердің мойындалмауы. KASE қор биржасының рейтингтік агенттіктерге және рейтингтік бағалау деңгейіне қоятын талаптарының 1-1 тармағынан мына шартты кездестіруге болады:

Биржалық кеңестің 2010 жылдың 9 маусымында қабылданған шешімі    бойынша  Moody's Investors Services, Standard & Poor's, Fitch рейтингтік агенттіктер қор биржасының мойындалған рейтингтік агенттіктер тізіміне автоматты түрде енгізілетіндігі айтылған. Бұл шарттан шетелдік рейтингтік агенттіктерге айқын басымдылық берілгендігін байқауға болады [5].

-                Қор биржасындағы эмитенттердің аздығы. Мәліметтерге сүйенетін болсақ,   қазіргі қор нарығындағы жалпы эмитенттердің саны 128. Оның ішінде,  қаржылық міндеттемелері және қаржылық міндеттемелерінің рейтингісі бар эмитенттердің саны 57. Ал, Қазақстандағы тіркелген заңды тұлғалардың саны 317 926 екенін ескерсек, қор нарығында белсенді әрекет етуші компаниялардың санының өте аз екендігін байқаймыз [3; 4].

-             Қор нарығы дамымауының мәселесі. Бізде акционерлік қоғамдар саны өте  көп,  десе де, олардың акцияларының кеңінен қолданысқа ие болып,  жаппай саудаға түсіп жатқандығы байқалмайды. Ал мемлекеттік бағалы қағаздар, негізінен, жинақтаушы зейнетақы қор­лары секілді арнаулы ұйымдар ортасында ғана таратылады. Еліміздегі бағалы қағаздар нарығының тар ауқымды­лығына байланысты біздің халқымыз өздерінің қолында басы артық қаржысы болса, оны сақтау мен көбейтудің қаржы секторындағы бірден бір сенімді жолы тек банк депозиттері ғана деп біледі.  Бұл халықтың қаржылық сауаттылығының аздығын көрсетеді, ал ол кезегінде қор нарығының өз деңгейінде дамымауының бір себепшісі болып табылады.

              Қазақ­стандағы кор нарығы әзірге оның кәсіпқой қатысушылары мен қаржы топтары­ның арасында ғана өріс алып келе жатқандығы көрініс табады. Көптеген кәсіпорындар мен қарапайым халық бұл нарықтан тысқары қалуда. Осы тұр­ғы­дан алғанда, Қазақстандағы қор нарығының қазіргі жағдайы мүшелерінің саны шектеулі мөл­шерден аспайтын жабық акцио­нерлік қоғамның жұмысын еске салады [6].

               2013 жылғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, Forbes журналының хабарлауы бойынша, Қазақстан Республикасының кор нарығы  соңғы жылдары 20%-ға құлдыраған. KASE қор биржасындағы бір күндік акциялармен жүргізілген сауданың орташа көлемі 1 млн USD шамасында. Бұл экономистердің тарабынан сынға ұшырап, олар бұны көрсеткіш деп санамайтындықтарын да алға тартты. Активтерді басқару индустриясы жайлы да дәл осыны айтуға болады. Дағдарысқа дейін, елімізде пайлық инвестициялық қорларды басқаратын 20 компания болған болса, қазіргі таңда олардың саны     5-ке дейін төмендеген. Осы компаниялардағы пайлық инвестициялық қордың жалпы көлемі 10 млн USD сәл жетіңкіремейді. Осы көрсеткішті кедей мемлекет болып саналатын Болгариямен салыстыратын болсақ, ол елдің пайлық инвестициялық қорларының көлемі 300 млн EUR және олар осы көрсеткіштің өзін аз деп есептейді [7].

-                   Жинақтаушы зейнетақы қорларының бір орталыққа шоғырландырылуы. Қазақстан қор нарығындағы ірі институционалды инвестор болып жинақтаушы зейнетақы қорлары табылатын. 2013 жылдың 24 қыркүйекгінде ҚР Ұлттық Банкі барлық жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері мен зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімшарт бойынша барлық міндеттемелерін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) құю туралы өткізу-қабылдау графигін бекітті. Әзірге, Қазақстандағы осы несиелік жүйенің нақты қайда бағытталатыны және оның нарықтың дамуына қаншалықты ықпал ететіні беймәлім. Экономистердің пікірінше, аталмыш жүйенің құрылуымен қор нарығы инвесторлардың басым бөлігін жоғалтады және ешқандай бәсекелестік қалмайды. БЖЗҚ-ның мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу, алмауы оларға не сатып алуға рұқсат берілетіндігі және қалай сатып алатындығы белгісіз. Бірақ, мына  жайт  анық: қазіргі жинақтаушы зейнетақы қорларының сатып алатындай көлемі ендігі болмайды. Қор нарығы листингтегі 10 жинақтаушы зейнетақы қорын жоғалтады. Сонымен қатар, осы қор нарығына жинақтаушы зейнетақы қорларының ақшасы үшін келетін компанияларды да жоғалтады. Демек, жинақтаушы зейнетақы қорларын  бір орталыққа шоғырландыру қор нарғының дамуына кері әсерін тигізетіндігі ақиқат [7].

Қазақстан Республикасы рейтингілік агенттіктерінің қызметін реттеу және қалыптасқан мәселелерін шешу жолдары:

-         Ұлттық рейтингілік агенттіктердің еліміздегі  қаржылық ұйымдарды реттеу органдарымен мойындалуы. Яғни, ұлттық рейтингілік агенттіктердің компанияларға белгілеген рейтингтік  көрсеткіштерінің    кез-келген жерде қабылдануы. Бұл ұлттық  рейтингілік агенттіктердің қызмет ету сферасын кеңейтеді және еркін іс-әрекет етулеріне мүмкіндік береді;

-         Шетелдік пен ұлттық  рейтингілік  агенттіктерге тең мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтык актілер жасау керек. Жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйенсек, көп жағдайда «ірі үштікке» басымдық береді. «Ірі үштіктің» тәжірибесінің молдығы, әлемдік нарықтағы беделінің жоғары екендігі сөзсіз, десек те, өз еліміздің ішінде қалыптасқан жағдайды, экономикалық даму тенденциясын, бизнесті жүргізудегі тәртіпті өзіміздің ұлттық рейтингілік агентіктерден артық ешкім білмейтіндігі анық. Ұлттық агенттіктер компанияларға рейтинг тағайындауда елдің барлық экономикалық-саяси жағдайын ескере отырып, әр саланың даму деңгейінің қыр-сырын зерттей отырып бағалауда шетелдік агенттіктермен салыстырғанда жоғарырақ мүмкіншіліктерге ие;

-         Қор нарығы мен рейтингілік агенттіктердің қызметтері тығыз байланысты.  Қор нарығының дамуы рейтингілік агенттіктердің дамуының алғышарты болып табылады. Ал, қор нарығын дамыту үшін эмитенттер санын көбейту керек, инвесторларды көптеп тарту керек.

           Елдегі қалыптасқан жағдайды, рейтингтік агенттіктердің қызметін қарастыра отырып, осы сфераның даму перспективасы келесідей сипат алады. Шағын  және  орта  бизнес  экономикалық  өсудің  қарқыны  мен  икемділігін  анықтайтын  бастапқы  фактор  болып  табылады. Бұған  біздің  елімізде  баса  назар  аударуда, соған  орай  еліміздегі  шағын  және  орта  компаниялар  саны  жыл  сайын  артып  келеді. Олардың  тұрақты  дамуы  инвестицияны қажет  етеді. Инвесторлар өз қаржысын қай компанияға салса, сол  салған  қаржысы аз уақыт  ішіңде көп мөлшерде  қайтарымды   болатындығын  білу  үшін  рейтингілік  агенттіктердің  сол  компанияға берген   көрсеткіштеріне    жүгінеді. Егер  инвестор  таңдаған  компанияның  рейтингісі  объективті  бағаланса, онда бұл  біздің  экономикамыз   үшін  де, инвестор  үшін  де  оң  септігін  тигізеді. Бұл келешекте рейтингілік агенттіктердің қызметіне деген сұраныстың жоғарылай түсетіндігін көрсетеді.

            Тағы бір ескеретін жайт, шетелдік рейтингілік агенттіктермен салыстырғанда ұлттық рейтингілік агенттіктердің қызмет бағасының  төмен болуы.

Сурет 5. Рейтингтік агенттіктердің көрсететін қызметінің орташа бағасы, мың USD

Дерек көзі [3]

5- сурет бойынша, ұлттық рейтингілік агенттіктер мен шетелдік «Ірі үштік» рейтингілік агенттіктерінің көрсететін қызметтерінің бағаларын салыстыратын болсақ, суреттен көрініп тұрғандай, ұлттық рейтинг агенттіктерінің қызметінің бағасы шетелдік «Ірі үштіктен» 5 есе арзан екендігін байқауға болады. Еліміздегі көптеген компаниялардың шетелдік рейтингілік агенттіктердің қызметін пайдалануға қаржысы жетпейді. Яғни, бағалық тұрғыдан қарастырсақ, Отандық рейтингілік агенттіктер шетелдік агенттіктерге қарағанда тартымды болып табылады.

Қазіргі ағымдық жағдайда жан-жақты ойластырылған мемлекеттік бағдарламасыз, қор нарығын дамытуға деген мемлекеттің қызуғышылығынсыз   алға жылжу мүмкін емес. Ал, қор нарығының белсенді қызмет етуі ұлттық экономиканың дамуындағы және елдің әл-ауқатын көтеруіндегі маңызды фактор.

 

Пайдаланылған әдебиеттер  тізімі

1.     Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және 
қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті
http://www.afn.kz/attachments/105/271/publish271-1053..

2.     KASE Қазақстан Қор биржасы http://www.kase.kz/kz/emitters/index#section-1

3.     «Kazakh TV»: Рынок рейтинговых агентств

http://raexpert.kz/about/smi/art227/

4.           В Казахстане подсчитали число компаний

http://kapital.kz/economic/10162/v-kazahstane-podschitali-chislo-kompanij.html  

5.     KASE қор биржасының рейтингілік агенттіктерге және рейтингілік бағалау деңгейіне қоятын талаптар http://www.kase.kz/files/normative_base/listing_rules..

6.     Қазақстандағы бағал қағаздар нарығының даму деңгейі. Бөлімі: Экономика, макроэкономика, микроэкономика. 21 Апр 2013 http://malimetter.kz/kazakstandagy-bagaly-kagazdar-narygynyn-damu-dengeji/

7.     «Фондового рынка в Казахстане почти нет»

http://forbes.kz/finances/exchange/fondovogo_ryinka_v_kazahstanepochti_net

 

Написать сообщение

* - поля, обязательные к заполнению


Авторизация пользователей

Ваш email *

Ваш пароль *

Забыли пароль?